Ауыл

«Қасайдың» құтты қоралары

Мұғалжар ауданындағы мал Шаруашылығымен айналысатын ірі қожалықтардың бірі — Жұрын ауылдық округіндегі «Қасай» шаруа қожалығы.

Асылтұқымды іріқара өсірумен айналысатын шаруашылықты Әнуарбек Исенов басқарады.

— Қазір қожалықта 350 ақбас сиыр мен 270 қашар бар. Жыл сайын асылтұқымды бұқалар сатып аламыз. Соңғы жылдары қожалық шаруашылығын кеңейту мақсатында 325 миллион теңгеден астам инвестиция салдық. Ферма толықтай жаңа техникалармен жабдықталды. Іріқара үшін ангар типті жаңа үлгідегі қора тұрғыздық.  Құрастырмалы материалын Қостанай облысынан 10 миллион теңгеге сатыпалдық. Былтыр мал осы жерде қыстап шықты. Жаңа қора болғасын, қалай болар екен деп уайымдап едік. Құтты болды, шаруамыз оңынан шешіліп жатыр. Негізі, асылтұқымды сиырлар ыстықты жаратпайды. Қора төбесінде арнайы желдеткіштер орнатылған, — дейд іӘнуарбек.

Сондай-ақ ол жыл сайын мал азығына қажет екі-үш вагон арпаны Қостанайдан алдыртатынын, алдағы уақытта өздері дайындау жоспарларында барын айтты.

— Қожалық аумағына жақын жерде Амансай су қоймасы бар. Соның оң жақ бөлігінен жер алдық. Алдағы жылы мал азығын өзіміз дайындауға талаптанып жатырмыз, арпа, қарабидай егуді қолға аламыз. Сосын бұл маңда су жағы қиындау, сол үшін суармалы жүйе аппаратын сатып алуымыз керек,—дейді қожалық басшысы.

Шаруа қожалығы «Қарапайым заттар экономикасы», «Агробизнес» мемлекеттік бағдарламаларының игілігін көріп отыр. Әнуарбек Исенов биыл «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасымен Ресейден асылтұқымды 300 сиыр сатып алғысы келеді.

— Ендігі мақсат — қожалықты одан сайын кеңейте беру. Алдағы жылы 500 ірі қараға арналған тағы екі қора салғымыз келеді, — дейді фермер жоспарымен бөлісіп.

Бүгінгі таңда кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр. Біз барғанда шаруашылық басында малшыларға арналған екі үй және бөлек асүйдің құрылысы жүріп жатқанын көрдік. Спутниктік антенна орнатылған бұл жерде мобильді байланыс та бар.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button